«Дара дауыс иесі»

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі. «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының дикторы Сауық Мәсіғұтқызы Жақанованың 75 жасқа келген мерейтойына арналған «Дара дауыс иесі» атты интернет көрме.

Сауық Мәсіғұтқызы Жақанова 1945 жылы 14 ақпанда Жезқазған облысының Ақадыр ауданындағы Еркіндік ауылында дүниеге келген. Әкесі Масғұт (құжатта) соғысқа қатысып, жараланған соң елге оралады. Ауылда есепші болып қызмет істеген. Анасы Зира он бір бала тәрбиелеген үй шаруасындағы адам болғанымен, ән айтатын өнерлі еді.

Бастауыш класты Еркіндік ауылында оқып, отбасы жағдайына байланысты орта мектепті Алматы қаласында бітіреді. 1961 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. 1966 жылы университетті бітірген соң Республикалық радио-дикторлары конкурсына қатысып, белгілі қазақ радиосының дикторлары Мина Сеитова, Әнуарбек Байжанбаевтардың сынағынан өтеді.

Байқауға қатысқан 200 талапкердің ішінен іріктеліп, жүлдегер атанған екі адамның бірі ретінде Сауық Мәсіғұтқызының есімі аталды. Сондай-ақ С. Мәсіғұтқызы көркем фильмдерді дубляждауға, деректі хроникалық кинотаспаларды дыбыстауға, қазақ теледидары хабарларын жүргізуге үнемі қатынасып отырған.

Сауық Мәсіғұтқызы атақты Әнуарбек Байжанбаевпен, Мина Сеитовамен, Қатира Әзімбаевамен, Мырзабек Қуатбековпен, Шәрипа Бейсекеевамен, Сара Омарходжаевамен, Жаңыл Аяпбергеновамен, Жәнел Асқарова тәрізді қазақтың талантты радио дикторларымен қызметтес болып, олардың тәжірбиесінен өткен.

Бойдағы тума талант тынымсыз еңбекпен шыңдалып, шын мәніндегі шеберліктің деңгейіне көтерілген. Сауық Мәсіғұтқызы орындаған көркем дүниелер, радиодан берілеген түрлі жанрдағы хабарлар халықтың, сонымен қатар келер ұрпақтың да рухани мұрасына айналды.

Сауық Мәсіғұтқызы дикторлық қызметінің жиырма бес жылдығына, Бүкілодақтық радионың алпыс жылдығына орай «Құрмет белгісі» орденімен наградталған.

1999 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетінің радиожурналистика кафедрасында және қазақтың мемлекеттік өнер академиясының театр факультетінің сахна тілі кафедрасында оқытушы қызметін атқарды.

С. М. Жақанованың жеке қор құжаттары 1999 жылдан бастап Алматы қаласының Мемлекеттік архивіне келіп түсе бастады.