«Бірлігі мен татулығы жарасқан Қазақстан»

Кеңес Одағы тұсында 1-мамыр Еңбекшілердің ынтымақтастық күні ретінде мемлекеттік мереке болып табылып, сән-салтанатпен атап өтілді.

1995 жылдың 18 қазан айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жарлығы бойынша елімізде 1-мамыр «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп жарияланды.

Қазақстан халқының бірлігі күні — Елімізде 1996 жылдан тойланып келеді.

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі — елімізде тұратын ұлттар арасындағы достық мейрамы. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблеяның 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық- мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз — Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан артық ұлт өкілдеріне ортақ отан болып тұр. Қазақтар, өзбектер, орыстар, ингуштер, белорустар, татарлар, грузиндер, шешендер, армяндар, қырғыздар және тағы басқалары.

1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні болып есептеледі. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Бұл күн, Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Қазақстан өзге мемлекеттердей ұлттық өктемдікті танытып отырған жоқ. Біздің елімізде 88 мектепте сабақ өзбек, тәжік, украин тілінде өтеді. Ал, 108 мектепте Қазақстан этностарының 22 тілі жеке сабақ ретінде оқытылады. Елімізде 15 тілдегі 35 баспасөз бар. 11 тілде телеарналарда бағдарламалар шығып жатыр. 14 орыс, өзбек, ұйғыр және корей театрлары жұмыс істеуде.

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан барлық ұлт өкілдері Қазақстанда 1-ші мамырды ерекше атап өтеді.

Фотоқұжаттар Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің № 741 қор иегері әуесқой-суретші Алим Хайдаровтың және Қазақстандағы Украин мәдени орталығының жеке архивінен алынды.