«Өмірдің мәні»

Алматы қаласы Мемлекеттік архивінің № 463 қор иегері тележурналист Барманбекова Гүлмәрия Күлиясқызының 70 — жылдық мерей тойына арналған «Өмірдің мәні» атты интернет көрме

Барманбекова Гүлмәрия 1950 жылы 21 сәуірде Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Күнбатыс ауылында дүниеге келді.

Гүлмәрия Күлиясқызы – нысана көздеу спортынан шеберлік шыңына жеткен алғашқы қыздарының бірі. Ол 1969 жылы Душанбеде өткен Орта Азия және Қазақстан қыздарының спартакиадасына қатысып, Қазақстан құрама командасының қатарында Орта Азия чемпионы атанды. Сол дүбірлі жарыстың бас сарапшысы, ғарышкер Валентина Терешкова басқа спортшылармен қоса Гүлмәрияның да омырауына чемпионның «Алтын белгісін» өз қолымен қадаған.

1969 жылы Жамбыл педагогикалық училищесін үздік бітірген Гүлмәрияға КазМУ-нің журналистика факультетіне жолдама беріледі.

Г. Барманбекова оқу бітіргеннен кейін Қазақ радиосына қызметке орналасады. 1980 жылы Қазақ теледидарының спорт редакциясына спорт жүргізушісі болып қызметке алынды. Ол– қазақ тілінде спорт тақырыбында эфирге шыққан тұңғыш қазақ қызы. 1990 жылдарға дейін спорт комментаторы бола жүріп Г. Барманбекова талай бүкілодақтық чемпионаттардан тікелей репортаждар дайындады, талай белгілі спортшылар жайында телехабарлар әзірледі. Гүлмәрия Күлиясқызы қазақ теледидарында қызмет ете жүріп, денсаулық, қоғамдық-саяси, әлеуметтік тақырыптарға хабарлар әзірледі. Талай айтулы оқиғалардан репортаждар әзірлеп, көптеген белгілі тұлғалармен сұхбат жүргізді, есімдері әлемге әйгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері, өнер адамдары жайлы бейнеочерктер, бейнефильмдер жасады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіндегі Қазақ теледидарының тілшісі қызметін атқарды. 1995 жылы «САПА» бағдарламасын телеэкранға шығарды. 27 жыл бойына теледидар саласында үздіксіз қызмет атқарған Гүлмәрия Барманбекова алғашында – «Businesswomen kz» журналының қазақша нұсқасының бас редакторы болып, кейіннен «Сұлтан» журналының редакторы болып шығармашылық жұмысын жалғастыра отырып, сол жерден зейнеткерлікке шықты.

Барманбекова Гүлмәрия Күлиясқызының құжаттары Алматы қаласының Мемлекеттiк архивіне 2009-2014 жылдар аралығын құрайтын шығармашылығына байланысты құжаттары, өмірбаяндық және жеке құжаттары, қызметіне байланысты келіп түскен хаттар мен сыйжазбалары, фотоқұжаттары, бейнеқұжаттары мен үнқұжаттары Мемлекеттік сақтауға қабылданды. 110 сақтау бірлігін құрайтын құжаттарға тізімдеме жасалынып, № 463 қор берілді.

Гүлмәрия Күлиясқызын 70 — жылдық мерекелі мерейтойы мен құттықтап, денсаулығы күйлі- қуатты, ғұмыры ұзағынан, көрер қуанышы молынан болсын деп тілейміз!

Алматы қаласы Мемлекеттік архивінің

«Жеке қор,аудиовизуалды және суреттік құжаттарды жинақтау бөлімі»