Мың жылдық тарихы бар-Алматы

 МӘҢГІЛІК ҚАЛА
(Кеңес үкіметі орнағанға дейінгі Алматы)
VIII-X  ғасырларда қазіргі жайқалған – әсем Алматының орнында кішігірім мекендер болған. Оның бірі - Алмату (Алматы) деп аталған. Негұрлым ірі мекендер қазіргі Ботаника бағы мен бұрынғы «Горный гигант» совхозының орталығында болған. Ол елді мекендер XI-XII ғасырларда олар кішігірім қалаларға айналады.
ХІІ ғ. Монғол шапқыншылығы отырықшыл мекендер мен қалаларды жермен жексен етеді. Белгілі мемлекет қайраткері, Ұлы моғолдар әулетінің негізін қалаушы Захир әд-Дин Мұхаммед Бабыр өз жазбаларында Алматуды қираған  қалалар санатына қосады. Бірақта Таяу Шығыс пен Орта Азияны Қытаймен байланыстыратын ірі сауда күретамыр, «Жібек жолының» бойында орналасқан қала қайта жанданды.
Кейін теңіз жолдарының дамуына орай, «Жібек жолы» өз мәнін жоғалтты. Соның салдарынан көптеген қалалар мен мекендер құлдырай бастады.  XVI ғ. Іле Алатауын жоңғарлар жаулап алды, ал ежелгі қаланың орнында шағын ауыл ғана қалды, онда Ұлы жүздің Дулат руының қазақтары қоныс тепті. XVII  ғ. Жетісудың айтарлықтай бөлігі Қоқан ханына бағынуға мәжбүр болды.
Патша үкіметінің Үлкен Орда қазақтарының приставы майор Перемышльскийге алғашқы жасақты басқаруды тапсыру үшін жіберілген құжатының Іле Алатауының өлкесін иемдену пиғылы айқын көрінеді. Оған Іле өзені жағасында бекініс салатын ыңғайлы орын табу ұсынысымен берілген болатын. Сонымен қатар, таңдау барысында жаңа бекініс Іле өзенімен жоғары қарай Қытай, Қырғыз бен Қашқар еліне, Қоқан хандығына баратын сауда жолына жақын болуын назарда ұстауды міндеттеді.
1953 жылы 2 шілдеде Перемышльскийдың жасағы Қапалдан шықты. Іле Алатауының солтүстік бөктерін, Талғар, Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Қаскелең, Шамалған, Қарғалы өзендеінің аңғарларын мұқият зерттеп, Перемышльский стратегия және экономика тұрғысынан бекініс салу үшін, Кіші Алматы өзенінің таудан далаға шыққан жері ең қолайлы жағдай тудырады деп шешті. Сібір корпусының қолбасшысы генерал  Госфордқа жіберген хабарлауында былай деп жазады: «Инженер Александровский екеуміз бірінші және екінші Алма-Ата арасындағы алқаптың ағаш дайындау, арық жүргізілген керемет құнарлы жердің көлемі, шабындық жағынан Есік пен Талғар шатқалдарынан асып түсетініне көзіміз жеткен, Алма-Атаны болашақ қоныстың орны ретінде ұсындық».
Премышльскийдың таңдаған бекініс орны келісіліп, Гасфордтың қолдауымен үкіметтің бекітуіне жіберілді. Инженерлік департаменті  әскери министрге баяндама жасады.. Осы баяндаманың бұрышынан 1954 жылдың 28 қаңтарында Николай 1 бекіністің «Верный» аталуына келісіп қолын қояды.
1954 жылдың күзінде бекініс салынып, онда жасақ орналасты, ал 1855 жылдың жазында Үлкен, Кіші станицалардың негізін құрған бірінші көшпенділер келіп жетті.
1863 жылы «Верный» бекінісіндегі адам саны 6164 құрады. Тұрғындардың басым бөлігі жергілікті гарнизонның әскерилері еді. Бекініс аумағында құрылыс жұмыстары әртүрлі әскери нысаналарын салумен шектелді. Өнеркәсіп енді жанданып келе жатты. Ірісі болып көпес Кузнецовтың сыра ашытатын және шарап шығаратын зауыттары саналды. Екінші орында ұн өнеркәсібі тұрды. 1963 жылы ұн диірмендерінің саны 32-ге жетті. Тері илейтін өнеркәсіп пайда бола бастады. Сауда ісі дамып, 1983 жылы үлкенді-кішілі дүкендер саны 55-ке жетті.
Қала тұрғындарының өмірі шекара бекінісінің шалғайлығымен ерекшеленді. Барлық іс әскерилердің ықпалында болды. Көшелер пайда болды. 1963 жылы ғимараттар саны 677, 1871 жылы 1695-ке жетті. Осы аралыққа тән ғимараттың басым бөлігі тастан салынды. Бұл уақытта екі үлкен қазыналық бақ пайда болды: біреуі – Үлкен Алматы станицасының шіркеу алаңында, екіншісі – Кіші Алматы өзенінің бойында. Соңғысы ағаш  ретінде пайдаланып, мұнда жергілікті жеміс пен бау-бақша тұқымдарын көбейту жұмыстары жүргізілді, шеттен арнайы әкелінген тұқымдар жерсіндіру кезеңінен өткізілді.
1967 жылы 11 сәуірде Верный бекінісі қала болып, «Алматинск» деп аталды. Бірақ бұл атау кең тарамағандықтан, осы жылдың ішінде мемлекеттік «дала комиссиясының» баяндамасы негізінде қала қайтадан «Верный» аталды.
1856 жылдың желтоқсанында Ұлы Жүздің жерінде құрылған Алатау округы таратылып, Жетісу облысы құрылды.
Верный қаласы Жетісу облысының бірінші губернаторы отыратын әкімшілік орталығы болды. Жетісу облысының бірінші губернаторы болып генерал  Г.А.Колпаковский тағайындалды. Әскери және азаматтық үкімет толық бір өзінің қолында шоғырланды.
Жетісу облысының құрылысы мен облыс орталығы болып өзгертілуі қаланың дамып-өсуіне үлкен әсер етті.
Халыққа білім беру саласы Верныйда баяу дамыды. 1871 жылы қалада 2 сыныптық ерлер мен әйелдер училищелері, Үлкен Алматы станицасында,  Алматыдан бөлініп шыққан елді мекендегі шіркеу жанындағы мектебі, татарлар ауылындағы мұсылман мектебі, кәсіпкерлер мектебі, бағбандар мектебі жұмыс істеді.
Театрдың орнына 1870 жылы ашылған «драма өнер сүйгіштер» үйірмесі анда-санда қойылым көрсетіп отырды. Үйірменің жанында шағын кітапхана ашылды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Верный қаласының тарихында шатты көріністер де болды. Қала Жетісу өңірін зерттеудегі орталыққа айналды. Бұл жерден аттандырылған көптеген экспедициялар тек қана әскери емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу мақсаттарын көздеді: М.И.Венюков, А.Ф.Голубев, В.А.Полторацкий т.б. экспедициялар. Соның нәтежесінде Жетісудың геология,  гидрология, география, ботаника, метеорология, археологиясына қатысты бай материал жиналды. Жетісуды зерттеушілердің көпшілігі әскери қызметіне байланысты ұзақ уақыт Верныйда тұрды. Жетісу өлкесіне қызығушылық танытатын ғалымдар да осында тоқтайтын.
Қаланы көріктендіру шаралары құрылыспен қатар жүргізілді. 1874 жылы Верныйда Тәшкен жолы бойына арық жүргізуге, желекжол, көше, бөгет, көпір құрылысына 4746 сом 42 тиын бөлінді – бұл ол уақытта өте қомақты қаржы болған.
Верный қаласының думасы мен қалалар басқармасы 1877 жылы 17 қарашада ашылды.
Қала билігі сауда мәселелерін және сауда орындары, дүкендер, базарлар құрылысына көп көңіл бөліп отырды. 70- жылдардың ортасына таман Верныйда саудагерлер ауласы, ет, пішен,  көтерме мал базары, нан базары болды. Верный Жетісудың үлкен сауда орталығына айналды. Сауданың жандануы қаланың сырт келбетіне өз әсерін тигізді. 1974 жылы жеке үй иелері көше жаққа екі қатар ағаш отырғызуға міндеттелді. Желекжолдарды көгалдандыру шаралары жүргізілді.1875 жылы шіркеуден емханаға барар жол жиегіне 800 ағаш отырғызылды.
Қаланың ең көрікті көшесі болып Колпаковский даңғылы саналды. (қазіргі Достық даңғылы). Бай көпестердің үйлері осы айналада орналасты.
1879 жылы 43 көшеге атау берілді. Осы кезде жаңа сіріңке фабрикасы, сабын шығаратын зауыт, баспахана, 3 тері-терсек зауыты, бірнеше шеберхана іске қосылды.
1979 жылы қаңтар Верныйда облыстық статистикалық комитеті ашылып, бірінші шара ретінде Верный, Үлкен және Кіші станицалар тұрғындарының бір күндік санағын өткізді.
Бұл кезеңде Верный әлемдік ғылыми қауымға аты белгілі қала болды. Көптеген экспедициялар осында жабдықталып, есептерін де осында жасады. Верныйға белгілі шетелдік ғалымдар келеді: аты әлемге әйгілі зоолог А. Брэм 1876 ж. келген; танымал венгерлік неографиятанушы Ш. Уйфальви де Мезо-Кевеш және басқалар. 1885 жылғы «Жетісу облысы тұрғындарының тізімдемесі» бойынша Верныйда 28197 адам тұрып жатты.
1913 жылдың басында Верный қаласы аймақ пен уездің басқару орталығына, ірі әскери базасына, Түркістан мен Тәшкеннің эпископының, Жетісу казак жасағының атаманы отыратын орнына айналды. Қалада аула саны 5529, тұрғындар саны 41366-ға жетті. Полицейлік тұрғыдан қала екі бөлімшеден құралды: «Тұрғындарды топтарға жіктеу жағынан қала аумағы орталық бөлік және оның қасындағы қоныстар болып бөлінеді: татарлардың, дұнғандардың, салдаттардың, Кучугуры, бақшалар және жоңышқалық бөліктері».
Қалада жалпы ұзындығы 7627 құлаш болатын 48 көше болды. Қала ішінде және станицаларда 11 шіркеу мен 3 мешіт қызмет етті.
Верный Ресей, Қытай, Орта Азиядан тауар келіп жатқан ірі сауда орталығына айналды. Қалада 850 сауда нысаны,  мемлекеттік Орыс-Азия, Сібір банктерінің бөлімшелері, қалалық қоғамдық банк, Верный уездік қазынашылығы, несиелік кассасы жұмыс істеді.
Сонымен қатар қала мәдениет орталығы болды. 1913 жылы Верныйда ерлер мен әйелдер гимназиялары, 2 қалалық, 22 қала аймағындағы училищелер, 5 шіркеу мектебі, бағбандар училищесі, орман мектебі, жетім балалар баспанасы орналасты. Қалада 4 баспахана 1 литография, 2 жұртшылық кітапхана, облыстық статистика комитетінің мұражайы, 2 кинематоргаф, 3 қоғамдық (офицерлер, ақсүйектер, саудагерлер) жиындар жұмыс істеді, газеттер шығарылды.
1917 жылдың 27 ақпанында буржуазиялық-демократиялық төңкеріс болып, уақытша үкімет құрылды. Верныйда екі билік орнады. 1917 жылы 3 сәуірде Жетісу әскери губернаторы сотталып, оның орнын уақытша үкіметтің комиссарлары басып алды. Сонымен қатар 1918 жылы наурызда Верныйда солдаттар депутаттарының кеңесі мен жұмысшылар депутаттарының кеңесі құрылып, олар 1917 жылы сәуірде жұмысшы және солдаттар депутаттарының кеңесі болып біріктірілді. Кеңестік құрылған атқару комитетін меньшевиктер, эсерлері мен қазақ ұлттық «Алаш» партиясының өкілдері басқарды. 1917 жылы тамыздан бастап кеңес Верныйдың солдаттар, казактар, жұмысшы және шаруалар кеңесі болып аталды.
1918 жылы наурыздың 2 сінен 3-не қараған тұні Верныйда Кеңес үкіметі орнады. Осылай қала күннен күнге көркейіп, дами бастады.Мыңжылдық тарихы бар мәңгі қаламыздың Кеңес үкіметі орнағанға дейінгі қысқаша тарихы осылай еді...
Алматы қаласы Орталық мемлекеттік мұрағатының жоғарғы санатты сарапшысы Төлембаева Айжан Жақсылыққызы
Мың жылдық тарихы бар-Алматы Мың жылдық тарихы бар-Алматы