Арманы аялаған Асағаң

Деятельность / Публикации в СМИ
 
Алаш жолын жалғайтын,
Асанәлі ұлы адам.
Ажал жеңе алмайтын,
Көзі тірі ғұламам.                                                                                                                                           
 
Нұғман Асқаров
 
  Бекзат болмысты қазақты мына дүние аты аңызға айналған Асанәлі Әшімұлы арқылы таниды. Бүгіндері Қазақстан және КСРО халық әртісі, көрнекті кино және театр қайраткері, белгілі сахна шебері, танымал актер және режиссер, «Елім - ай» кинокомпаниясының  Президенті, «Парасат», «Отан» ордендерінің, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Асанәлі Әшімұлы 80 жасқа толып отыр.  
  Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Біле білсек, тарих терең толғаныстар, көзқарастар, нақты дәлелдер мен айғақтар бар осындай күнделіктер негізінде де жасалады. Шынайы тарих осындай күнделіктерден туады. Бүгінгі таңда Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің №438 қорында сақтаулы тұрған Асанілі Әшімұлының «Менің жанрым – күнделік» атты кітабы мен театр афишалары жас ұрпаққа қазақ өнерінің тарихынан сыр шертіп тұратын болады. Сондай-ақ, Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінде Асанәлі Әшімұлына жолдаған Жамбыл облысы мен Кентау қаласы әкімдерінің, Қызылорда облысы Н.Бекежанов атындағы драма театры ұжымының, Қ.Тоқаев пен И.Тасмағанбетовтің құттықтаулары, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілгені туралы куәлігі, мақтау қағаздары мен басқа да көптеген дипломдары сақтаулы тұр.
   Асанілі Әшімұлының өмірдегі және өнердегі жүріп өткен жолы мен адамгершілік қасиеттері  жастарға үлкен үлгі.Өнерге деген адалдығы келер ұрпаққа өмірлік өнеге. 
   Аты аңызға айналған талантты тұлғаның жеке басына  тән адамгершілік қасиеттері мен еліне сіңірген еңбегі Асанәлі Әшімұлын өнерсүйер қауымның үлкен құрметіне бөлеп, мемлекет тарапынан да өз бағасын алды. КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» сияқты айтулы атақтар мен омырауындағы «Парасат» және «Отан» ордендері соның айғағы.
   Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің ұжымы  Сізді адам ғұмыры белестерінің бірі – 80 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды. Бұл қуаныш Сіздің ғана емес, тума  талантыңызға табынудан таңбаған талғампаз өнерсүйер қауымның да қуанышы, қазақ өнері мен мәдениетінің мерекесі деп білеміз.  Сізге өмірдегі бар жақсылықтарды тілейміз. Балаларыңыздың бақытын көріп, ұзақ өмір сүріңіз. Дархан да дана халқымызды, қазақ жастарын рухани құндылықтармен сусындата отырып, алдағы уақытта да өнеріңізбен егемен елімізгеқалтқысыз қызмет ете беруіңізге тілектеспіз. Шаңырағыңызға шаттық ұялап, шат-шадыман ғұмыр кешіңіз. Мақаламды Құдайберген Қорабаевтың Асанәлі Әшімовке  арнаған  жырымен қорытындылағым келеді.

Қыран қайда көз тікті, қияға ма,
Қияметтей заңғартас ұяға ма?
Асекең   де алысқа көз сүзуде,
Арманы асқақ алыс бір қияда ма?!
Қандай ғажап қарастар, қандай ұзақ,
Көкке ұласқан жанарлар шыңырау – құзарт.
Ал Асекең – аспанда мәңгі мұзарт.
 
                                                                                                                                             Ғалия АҚАЕВА,
                                                                                              Алматы қаласының ОМА құжаттарды ғылыми пайдалану
                                                                                                                       бөлімінің жоғары санатты архивисі