Мұрағат деректері: 1916 жылғы көтеріліс

Мұрағат деректері: 1916 жылғы көтеріліс 

  Алматы қаласы Орталық мемлекеттік мұрағатында 1916 жылғы ұлт–азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай «Мұрағат деректерінде сақталған 1916 жылғы көтеріліс» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл шараны Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық–этнографиялық бірлестігімен бірлесіп Алматы қалалық Орталық мемлекеттік мұрағаты ұйымдастырды.
  Басқосуда тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков «1916 жылғы Ұлт – азаттық көтеріліске жаңаша көзқарас», тарих ғылымының докторы, профессор Болатбек Нәсенов «1916 жылғы көтерілістің мұрағат деректеріндегі көрінісі», тарих ғылымының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Шәмек Тілеубаев, Ғ.Мүсірепов атындағы қордың төрағасы, тарихшы Ғабиден Жәкей, тарихшы Нұрданбек Рахмет «Әубәкір мен Жағыпер елі үшін туған ерлер», Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ләйлә Рахипова «Тарихтың тарғыл беттеріндегі ақтаңдақ іздер» атты баяндама жасады. 
  Тарих ғылымының кандидаты Шәмек Тілеубаев Алаш зиялыларының 1916 жылғы көтеріліс тұсындағы ұстанымы жайында сөз қозғады. 
  - «1916 жылғы көтеріліс кезінде қазақтың әрбір азаматы ұлт тағдырын ойлады. Алаш зиялылары кейіннен 1916 жылғы көтерілісті ұлттық деңгейдегі көтеріліс деп бағалады», - деді Шәмек Тілеубаев. 
  Жиында Ғабиден Жәкей Кейкі батырдың ерлігі жөнінде танымдық деректер келтірді. Профессор Болатбек Нәсенов Қарқара көтерілісіне қатысқан жетекшілердің ерліктеріне тоқталды. Тарихшы Нұрданбек Рахмет Қарқара көтерілісінің жетекшілері Әубәкір мен Жағыпардың көтеріліс кезіндегі азаматтық бейнесін ашуға тырысты.
  Әнмен өрнектелген шара соңында Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ләйлә Рахипова тарихшылар мен мұрағатшылардың бұл тақырыпта бірге жұмыс істеу керектігін айтып өтті. Тарих ғылымының докторы, профессор Болатбек Нәсенов мұрағат қорына өзінің кітабын сыйға берді. Шара соңында тарихшы ғалымдар мен журналистер, мұрағат жұмысымен танысып, экскурсия жасады.
Алматы қаласының ОММ құжаттарды ғылыми пайдалану бөлімінің жоғарғы санатты археографы Ақаева Ғ.Ә.