Жағда Бабалықұлы туралы біз не білеміз?

Деятельность / Публикации в СМИ
     Белгілі тарихшы этнограф, шежіреші, қоғам қайраткері Жағда Бабалықұлы көзі тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді. Ол сақ дәуірінен бергі қазақ ұлтының тарихына қатысты этнография саласы бойынша ұлттық ою-өрнектер мен төрт түлік мал атауларына, халықтың тұрмыс- тіршілігіне ден қойған алғашқы этнограф ғалымдардың бірі. 200- ден аса әртүрлі ұлт-аспаптары жайлы деректер жинақтаған ол 300- ге жуық ғылыми – әдістемелік жұмыстардың авторы. 
Оның шығармашылығы Алматы қаласының өмірімен тығыз байланысты, сонымен қатар, қазақ этнография тарихында алатын орны өте зор. Қазақ этнографиясының «алтын сандығы» - Жағда Бабалықұлының жеке қор құжаттары Алматы қаласы орталық мемлекеттік  мұрағатында  468 – жеке қорында сақтаулы тұр.   Жырақта туып, жырақта өсіп, қаншама жылдардан кейін туған топырағымен табысқан Жағда Бабалықұлы баба жасына келсе де қажымай – талмай, өз білгенін, өмірден түйгенін айтудан да, жазудан дажалықпаушы еді. Жаны да, жүрегі де, жалпы, бүкіл жандүниесі туған деген құрметке, сүйіспеншілікке толы болғандықтан, туған жерде өскен әр бұтаның, аспанда қалықтаған әр құстың, даласындағы төрт түлік малдың табиғатпен біртұтастылығын ұзақ жылдар бойы зерттеді.
    Қазіргі таңда мұрағатымызда оның «Сәукеле түрлері» атты арабша жазылған мақалалары мен қолжазбаларының түпнұсқалары, өз қолымен ойылып, аттары жазылған, ұлттық ою-өрнектердің түпнұсқалары, атбегілік, саятшылық, Сәукеле суреттер топтамасы, «Қазақ тілінің тағдыры (қолжазба), «Алпыс екі қоңыр күй»(мақала), «Қазаққа ұлтшылдық керек» (қолжазба), «Тіл қалай байиды?», «Наурыз»туралы қолжазбасы, ҚХР –ның басшысы Мао Цзе Дунның шақыруы, әр кезеңдердегі қойын дәптерлері, СОКП орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа жолдаған хаттары жинақталған, тағы басқа көптеген арабша жазылған қолжазбалары мен мақалалары сақталған.
  Жағда Бабалықұлы жас кезінде айдау көріп, түрмеге түсіп, небір қуғын – сүргінді бастан кешірсе де, ғұмырының соңғы жылдарында ауырмай – сырқамай , қартайған шағында сергек қалпында 2010 жылы 93 жасында дүниеден өтті. Ауыздан шыққан әр сөздің мән – мағынасын халқына ұғындырудан бір шаршамаған Жағда Бабалықұлының ел тарихына қатысты сақталып келген жәдігерлік мұраларының әлі талай ұрпаққа айтары мол.
    Жағда Бабалықұлы 1917 жылы 21 қарашада Шығыс Туркестан (Шыңжаң)  Тарбағатай аймағы Толы ауданы, Құжыртай ауылында дүниеге келген. ОЛ 1934 жылы Қытайда ең алғаш ашылған 4 кластық қазақ мектебіне бірден 2- ші сыныбына қабылданып, 1937-1940 жылдары Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласындағы бастауыш мектепте білім алды. 1940 -1943 жылдары осы қаладағы гимназияда оқиды. 1940 жылдары қазақ жастарының басын қосып, астыртын ұлт-азаттық ұйым құрған. 1943-1947 жылдары Үрімшідегі жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде осы әрекеті үшін тұтқындалып, түрмеге қамалады. 1944 жылы Педагогика институтының физика – математика факультетіне оқуға түскен. 1956-1958 жылдары Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық облысының әкім орынбасары, Қытай армиясы жоғарғы сотының орынбасары қызметін атқарған. Әскери шені подполковник. 
Ол 1961 жылы 18 қыркүйекте Қазақстанға қоныс аударып, Қазақстанның азаматтығын алғаннан кейін де жайбарақат, тып тыныш өмір сүре алған жоқ. «Қытай тыңшысы болуы мүмкін» деген қырағы көздің ылғи да қырында,сұғында жүрсе де, ол өз халқының асылын әспеттеп, жоғын жоқтаудан бір танған емес. 
Жағда Бабалық ұлт тағдырын – тіл мәселесі жөнінде, қазақ халқының салт – дәстүрі мен әдет- ғұрпы туралы, ұлттық спорт ойындарына, этнографиясына қатысты жасаған қызметі ұлан-ғайыр. Оның қаламынан туған  «Қырандар»  (Алматы, 1980ж.),  «Саят»  (Алматы, 1981ж.),  «Мал ауруларының қазақша атаулары» (Алматы, 1986ж.),  «Қамшы керілік» (Алматы, 2009ж.) кітаптары құнды қазына болып қала бермек.


                                                                                                                          Алматы қаласының ОММ
                                                                                                                          құжаттарды ғылыми пайдалану 
                                                                                                                          бөлімінің жоғарғы санатты 
                                                                                                                          архивисы  Ғалия Ақаева