Главная > Публикации в СМИ > Дарабоз

Дарабоз


Алтынбек Қоразбаев - 70 жаста. Алтынбек Қоразбаев - өмірі өнегеге айналған талантты тұлға. Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қырғызстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс. Жамбыл облысының Құрметті азаматы, әнші, сазгер, ұстаз  Алтынбек Қоразбаевтың ғибратты ғұмырынан сыр шертетін маңызды мағлұматтар Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінің  409 қорында сақтаулы.
1948 жылы 2-ақпанда Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Қызылсай ауылында дүниеге келген.
Алтынбек Қоразбаев үшінші сыныпта оқып жүрген кезінде Бескемпір ағасы оған қаладан сегіз ішекті  мандолина  әкеліп береді. Ағасының  өзі де орыстың халық әндерін шебер орындайтын. Алтынбектің тағы бір серігі  гармошка болды. Он екі жасынан бастап гармошканы қолынан тастамайтын, қайда барса, сонда алып жүретін. Осылай Алтынбек қос музыкалық аспапты игеріп, ән салу өнеріне алғаш қадам басты. Ағасы Бескемпір Алтынбектің құжаттарын  Тараздағы (ол кезде Жамбыл қаласы) мәдени ағарту училищесіне оқуға тапсырғанда, ол небәрі он бес жаста екен.
Оқу ордасында Алтынбек пианиноны ойнауды игерсе, ұстазы, шебер домбырашы Әбілахат Төлешовтің сыныбында оқып, домбыра тартуды үйренді. 1968-1973 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияны «Дирижер домбырашы және мұғалім» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Білім ордасында ол белгілі өнер шеберлері Хамидолла Тастанов пен Алдаберген Мырзабековтерден дәріс алды.
Алтекең, әсіресе, күй тартуға құмар еді. Әрине, Құрманғазының «Сарыарқа» мен «Адай» күйлері қай қазақтың делебесін қоздырмаған. Сол жылдары Алтынбек баянда ойнауды үйреніп алды. Айта кетерлігі, Алтынбек Қоразбаев Тараз қаласында «Алатау» ансамблінің құрылуына атсалысты. Қазақ өнерінің тарихында тұңғыш рет домбырашылар триосының дүниеге келуіне ықпал етті.
Училищені сол жылдары Шора Теміров басқарды. Шора Теміров Алтынбекті жетелеп әкеліп консерваторияның дирижерлік бөліміне оқуға орналастырады. Білім ордасындағы оның ұлағатты ұстазы Алдаберген Мырзабеков болды.
Білікті ұстаз Алтынбекті оқып жүрген кезінде-ақ Құрманғазы атындағы оркестрге баулиды. Одан кейін ол 1966 жылы Алматыдағы Мұғалімдер үйінде оқытушы болып қызмет етті. 1969-1971 жылдары Құрманғазы атындағы академиялық оркестрдің әртісі  болып қызмет атқарды.  Алтынбек оркестр құрамында Финляндияға, Қазақстан мен Ресейдің біраз қалаларына, елді мекендеріне барып өнер көрсетті, шығармашылығын шыңдады. Әсіресе, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевпен бірге Гурьев (қазіргі Атырау облысы) облысына 1972 жылы шығармашылық сапармен баруы Алтекеңнің өнерінің жарқын  белесі болды. Сол жылдары ол орындаған Кененнің «Бозторғайы», «Базар-Назары» және «Қайран жастық» әні жұртшылық жүрегінің төрінен орын алды.
1973-1978  жылдар аралығында Алтынбек Қоразбаев Жамбыл облысы филармониясының директоры болып қызмет атқарады.Осы кезеңде халық сүйіп тыңдайтын «Қара кемпір», «Қара шал», «Шашбаулым», «Сырғалым», «Аяулы Таразым», «Кенен ата», «Сағындым Кенен атамды» әндері  ел арасына кеңінен тарайды.
Мәдениет саласындағы жоғары жетістіктері үшін А.Қоразбаевқа 1993 жылы  Қазақстан Республикасының «Халық әртісі» атағы, 1996 жылы «Қырғызстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс»  атағы берілді.
2002 жылы Алтынбек Қоразбаев Жамбыл облысының «Құрметті азаматы»  атанды. 2003 жылы Қазақстан Республикасының Композиторлар одағына мүше болды.  Өнердегі еңбегі жоғары бағаланып, 2004 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, 2010 жылы «Парасат орденімен», 2016 жылы ІІІ дәрежелі «Барыс орденімен»  марапатталды.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, шәкіртін сахнаға жетелеп шыққан алғашқы әнші Алтынбек Қоразбаев 1985 жылдан бері қазаққа кең танымал Мейрамбек Бесбаев пен Тоқтар Серіковтің жұлдызын жаққан ұлағатты ұстаз.
Дарабоз дарын қазіргі таңда да республиканың түкпір-түкпірінен шәкірттер тәрбиелеп, қанаттарын қатайтып, талабы таудай көптеген жастарға қолұшын беріп келеді.
Алтынбек Қоразбаев «Сағыныш саздары», Абдрахман Асылбекпен бірлесіп шығарған «Айдай сұлу аруым» атты еңбектердің, сондай-ақ, 50-ден астам әннің авторы.
Алтынбек Қоразбаевтың 70 жасқа толуымен Алматы қалалық Орталық мемлекеттік архив ұжымы құттықтайды! Қазағымның қасиетті қара домбырасын қолыңыздан түсірмей, жүрек тебірентер сұлу әндеріңізді әуелетіп, өнер шыңына өрлей беруіңізге, Сіздің ойшыл да сыршыл, сұлу әндеріңізді халық  әрдайым сүйіп тыңдайды. Шәкірт  өнерпаздар тәрбиелеп жүрген еңбегіңіз ел құрметіне ие, деніңізге саулық, өнеріңізге шабыт тілейміз.

Ғ.Ә.АҚАЕВА,
Құжаттарды ғылыми пайдалану
және жариялау  бөлімінің  басшысы.
 
Дарабоз
Дарабоз

Вернуться назад