Кәукен Кенжетаевқа - 100 жыл

2016 жылдың 26 ақпанында Алматы қаласы Орталық мемлекеттік мұрағатының кеңес залында жүзжылдықтар жүгін арқалап 100 ғасырға жетерлік мұра қалдырған қазақ өнерінің қаһарманы, Қазақстан Республикасының халық әртісі, «Тәуелсіз Тарлан» сыйлығының лауреаты, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдық мерейтойына байланысты «Елдің еркесі, өнердің серкесі, жігіттің сұлтаны-Кәукен» атты еске алу кеші және «Егер сурет сөйлесе» тақырыбындағы жеке қор құжаттарынан алынған фото және құжаттық көрме өтті.
Кенжетаев Кәукен – шын есімі Әбдірахым, 1916 жылдың 25 ақпанында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген алыптар тобынан қалған әлеуетті тұлға. 
Біз, жақсы актер, опера және балет театрының әншісі деп танитын Кәукен аға - Ұлы Отан соғысының ардагері, 1942 жылы сұрапыл соғыс кезінде Мәскеу консерваториясында оқып жүрген жас әнші қолына күрек алып, қаланы айналдыра ор қазып үш ай бойы Мәскеуді қорғауға қатысады да соғыстың қалған күндерінде Хабаровск өлкесінің әскери ансамблінде әнші болған өнерпаз елге 1946 жылы оралады.
Осы жылдан бастап Қазақ опера және балет театрының әншісі болған Кенжетаев Кәукен, Е.Г.Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» Тарғын, «Жалбырында» Жалбыр, «Қыз Жібегінде» Бекежан, «Дудар айында» Семен, Дж. Вердидің «Аидасында» Аманасро партияларын орындап, көптеген операдағы рольдерді сомдады. Бұл Кенжетаевтың орындаушылық талантын ашқан образдар болды.
1950 жылы Алматы консерваториясын бітіріп, кәсіби әнші дипломын тұңғыш алғандардың бірі Кәукен Кенжетайұлы. Ол Құрманғазы оркестрі мен симфониялық оркестрдің құрамында жұмыс істей жүріп Кеңес Одағы Республикаларын түгелге жуық аралап, Қытай, Монголия, Польша, Румыния, Түркия, Үндістан, Египет, Грекия, Ливан сияқты елдердің сахнасында қазақ әндерін асқақтата орындады.
Кәукен Кенжетайұлы театр сахналары мен қоса көркемсуретті фильмдерде көптеген рөлдерді орындап, көрермендер ықыласына бөленді. Олар: «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде әнші-дәрігер, «За нами Москва» фильмінде Бауыржан Момышұлы, «Ән қанатында» фильмінде Нұртаза, «Қыз Жібек» фильмінде Базарбай т.б. «Қалқаман-Мамыр», «Сапар», «Баян жүрек», «Кемпір мен шал» т.б. операларлық либреттоларының авторы, «Сильва», «Тыныш шаңырық», «Фигораның үйлену» операларының либреттоларын қазақ тіліне аударған.
«Дархан дарын», «Мәжит Бегалин», «Высокий дар призвания», «Егер сурет сөйлесе», «Асылдар мен Ардақтар», «Сахна тағылымы», «Шәкен Айманов» атты кітаптары жарық көрген. «Шәкіртсіз ұстаз–тұл» деген аталы сөзді бойына сіңірген Кәукен Кенжетайұлы Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясында ұстаздық қызмет атқара жүріп, өнер жолында көптеген шәкірттер тәрбиелеп, шыңдады. Кәукен Кенжетаевтың ізбасар шәкірттері – Р.Рымбаева, М.Ілиясова, Қ.Болманов, Е.Шәкеев, М.Нүркеновалар.
Кешке көзкөрген замандастары Әшірбек Сығайдың жары Күләш апай, Қадыр Мырзалиевтің жары Салтанат апай, Сабира Майқанова апамыздың қызы Гүлдар апай, Әсет Бейсеуовтің інісі Амангелді аға, және досы полковник Олжасбай Темірханов,  қазақ музыка өнерінің жанашыры Владимир Питерцев, Майра Илиясова,  Кәукен Кенжетаев көп жылдар қызмет істеген ортасы опера және балет театры директорының орынбасары Бақыт Әбдіғалиұлы мен көз көрген замандасы, әріптесі осы театрдың суретші - әрлеушісі – Орынбасар аға, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан Аман Бекенұлы, Дариға және Рахилям апайлар, күйеу балалары  Асанәлі Әшімов пен Есмұқан Обааев ағалар, Нұрмұқан Ынтықбаев, М.Әуезов драма театрының басшылары, К.Кенжетаевтің шәкірттері Гулбаушан Тлеубекова, Дәлел Уашев, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мамай Қаниұлы, Алматы қаласының мұрағат қызметінің басшылары  және туыстары қатысты. 
 Кәукен Кенжетаевқа - 100 жыл Кәукен Кенжетаевқа - 100 жыл
Кәукен Кенжетаевқа - 100 жыл Кәукен Кенжетаевқа - 100 жыл