Сұңқардай саңқылдаған Сығай еді...



2017 жылдың 27 қаңтар күні Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архиві театр сыншысы, аудармашы, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, архивтің №423 қор иесі Әшірбек Сығайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Сұңқардай саңқылдаған Сығай еді...» атты еске алу кешімен «Сені іздейміз біз енді мінбелерден...» тақырыбында фото және құжаттық көрме өткізді.  
Әшірбек Төребайұлы Сығай 1947 жылы 11 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында туған. 1969 жылы Алматы өнер институтын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.
Көрнекті театр зерттеушісі, қоғам қайраткері Әшірбек Сығайдың «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары», «Театр тағлымы», «Толғам», «Талдықорған театры», «Театр поэзиясын пір тұтқан», «Сахна әлемі», «Актер әлемі», «Ой төрінде – театр», «Театр сардары», «Райымбек Сейтмет», «Сәбира Майқанова», «Ән-тағдыр», «Таңғажайып театр» және тағы басқа зерттеу еңбектерінен құралған 18 кітап баспа жүзінен жарық көрді. 
Әшірбек Сығай Мемлекеттік және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет» орденінің және бірнеше мемлекеттік медальдердің иесі, профессор, Кентау, Түркістан, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы. 2000 жылы «Сахна саңлақтары» атты көлемді еңбегі үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 
Архивтің 4-ші қабатта орналасқан галлереясында кеш қонақтарына Әшірбек Сығайдың жеке қорынан құжаттар мен фотосуреттерден жасалған көрме ұсынылды. Көрмеде сыншының отбасымен, әріптестерімен түскен фотосуреттері, қолжазба кітаптарі мен жеке құжаттары орын алды. 
Көрме 5-ші қабатта өз жалғасын тапты. Кештің ресми бөлімі «Жаны сұлу жан аға» атты бейнетаспаның үзіндісімен ашылды. Кеш қонақтары арасында Әшірбек Сығайдың отбасы: жұбайы Күләш Сығай, ұлдары Қайрат пен Сұңғат, немерелері, ақындар Нұрлан Оразалин, Дулат Исабеков, Исраил Сапарбай, Темірхан Медетбек, Ғалым Жайлыбай, театр әртістері Торғын Тасыбекова, Сағат Жылгелдиев, көз көрген замандастары, әріптестері мен шәкірттері қатысты. Т. Медетбек пен Ғ. Жайлыбай  өлең арнап оқыды, Т. Жүргенов атындағы қазақ өнер академиясының студенті «Кентауым» атты әнін шырқады. Қонақтар Әшірбек Сығай туралы сөз сөйлеп, еске алып, пікір алмасты. Кеш әсерлі, естеліктерге толы болды.